
Шымкент қаласы білім басқармасы «Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей- интернаты» Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылғы 24 мамырдағы «Дарынды балаларды қолдау және дамыту» мақсатындағы №3002 Жарлығымен ашылған.
Мектеп-интернат ұжымы өз жұмыстарын алғашқы күндерден-ақ сәтті бастап, әрбір оқушының бойындағы дарындылықты ашу, сақтау және мақсатты түрде дамыту, ақыл-ой парасатын, рухани ізгілікті, жан және тән саулығын қоса алғанда, әрбір жеке тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасау жолында жұмыстар жүргізді. Алғашқы жылдары мектеп-интернат білім беру үдерісі мен ғылыми-әдістемелік жұмыстарды 4 бағытта жүргізді.
- 1. Филологиялық бағыт (тіл және әдебиет)
- 2. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт (тарих, география)
- 3. Жаратылыстану бағыты (химия, биология)
- 4. Физика-математика бағыты (математика, физика, информатика)
Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылғы 28 ақпандағы «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында шығарылған «Үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептерді ашу туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 7 тамыздағы №387 бұйрығына сәйкес мектеп-интернат «Оңтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №1 мектеп-интернат» болып өзгертілді. Осы жылдан дарынды балаларға білім беру көптілді оқыту жүйесі бойынша жүргізіліп: химия, биология, информатика, физика пәндері ағылшын тілінде оқытылды. Негізгі оқу-тәрбие жұмыстары қазақ тілінде жүргізілді.
2018 жылы Шымкент қаласы мегаполис мәртебесін алуына байланысты мектеп атауы Шымкент қаласы білім басқармасы №1 үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернат болып өзгертілді.
2020 жылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы Қазақстан халқына жолдауындағы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мақсатында Шымкент қаласы әкімінің №451 бұйрығымен мектеп атауы «Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей- интернаты» болып өзгертілді.
Бүгінгі таңда мектеп ұстаздары дарынды жастардың сандық құзіреттіліктерін, сыни ойлауы мен шығармашылық қабілеттерін, робототехника, бағдарламалау, STEAM cауаттылықтарын дамыту мен жас ұрпақты ІТ саласында бәсекелестікке қабілетті етіп жетілдірдіруде тынымсыз жұмыстар атқаруда.